Тәрбиелеу ұғымын - баланың дамып, жетілуі үшін жағдай жасап, мүмкіндіктерді ұсыну деп түсінген жөн.
Тірі жанды тәрбиелеу дегеніміз - қоршаған ортадан алатын физикалық, эмоциялық, менталды нәрселердің ықпалымен оның дамуына, қалыптасуына жағдай жасау.
Бала дүниеге келген соң тәрбиелеу процесі үш кезеңге ажыратылады:
1. Ақпаратты сіңіру;
2. Еліктеу, ұқсас әрекет жасау;
3. Баланың жеке тәжірибесі.
Ал құрсақтағы дамуда еліктеу мен жеке тәжірибе іске аспайды. Перинаталды кезеңде ақпаратты сіңіру барынша көп, себебі ол клеткалар, тіндер деңгейінде іске асады.
9 ай барысында құрсақтағы бала ақпаратты анасынан және сыртқы қоздырғыштардан (жарық, жылы, суық, селкілдеу, т.б.) алады, мұның бәрі оның кейінгі дамуына негіз болады.
Пренаталды тәрбие эмбрионға, кейіннен сәбиге ең үздік материал мен жағдайды қамтамасыз етуді қалау ниетіне негізделеді. Бұл ұрықтанған жасушаға о бастан біткен барлық қасиет-қабілеттердің әлеуетін ашып, дамытудың табиғи процесінің бір бөлігіне айналуы тиіс.
Ана сыртқы әлем мен іштегі бала арасын байланыстырады. Жатырда қалыптасып жатқан бала анасын қоршаған әлемді тікелей қабылдап, сезіне алмайды, бірақ ол анасының сол әлемдегі бүкіл сезімдерін, ойларын, ішкі күйлерін үздіксіз сезініп жатады. Іштегі нәресте өзінің болашақ жеке тұлғасына қасиет-қабілет дарытуға ықпал ететін алғаш мәліметтерді еске сақтап, мұның бәрін психикалық жадысына клетка деңгейінде жазып алады. Туғанға дейінгі эмоциялық тәрбие проблемасына келсек, эмоция дегеніміз - субъектінің психикалық күйі ғана емес, оның ағзасының гормондық реакциясы да.
Ұзақ уақыт стресс күйінде болса, ананың қанында стероидты гормондар саны шектен тыс көп түзіледі, олар ұрық жолдас (плацента) арқылы өтіп, нәрестенің қалыптасып жатқан миына әсер етеді. Ана мен бала арасындағы эмоциялық байланыстың тереңдігі мен сипаты, дамып жатқан бала психикасына, әсіресе, оның эмоциялық жағына өте қатты әсер етеді.
Ғалымдар адамдардың түрлі жағдайларға қатысты эмоциялық реакциясының туылғанға дейінгі тәжірибемен байланысы туралы зерттеулер жүргізіп келеді. Туылғанға дейінгі тәжірибе дегеніміз - бала миының анасының эмоциялық күйлерін қайталауы. Яғни, ананың жүктілік кезіндегі эмоциялық күйі балаға беріліп, осы эмоциялық күйлер бала дүниеге келгеннен кейін оның негізгі күйлеріне айналуы әбден мүмкін.
Ресей Ғылым Академиясы Психология институтының ғалымы Соколова О.А. осы тақырыптағы зерттеуінің бірінші кезеңінде балалардың негізгі, басымды эмоцияларын зерттеп, оларды жүктілік кезіндегі аналардың негізгі, көбірек сезілген эмоциялық күйлерімен салыстырған. Ол үшін аналар арнайы сауалнама толтырып, олармен сұхбат жүргізілді. Алынған мәліметтерді өңдеп, Соколова О.А. осы екі өлшем арасында нақты, дәлелді байланыс бар екенін анықтады. Яғни, жүктілік кезіндегі ананың эмоциялық күйлері мен баланың негізгі, басым эмоциялық күйлері арасында өзара тәуелділік дәлелденді.
Оған қоса, балаға анасының эмоциялық күйлерінің мәні мен мінезі, сипаты берілетіні анықталды. Анадан балаға қорқыныш, агрессия, жылауға бейімдік сияқты күйлер де берілуі ықтималдығы өте жоғары.